Жаңалықтар

Хан ордасында «Біржан – Сара» операсы қойылды

 

Абылай ханның тарихи алаңында «Біржан – Сара» операсы open air форматында көрермендерге ұсынылды. Алғаш рет Бурабай аспанының астында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» спектаклі қойылды. Қазақ операсының інжу-маржанын еліміздің бас театры «Астана Операның» айтулы әртістері орындады. Көкшенің әсем тауларының баурайында орналасқан Абылай хан алаңы басты екі кейіпкердің махаббат тарихы өрбіген мекенге айналды.

Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығы аясында жүзеге асырылды. «Біржан – Сара» – «Астана Опера» жылнамасының айшықты беті. Дәл осы операмен 2013 жылы елордалық театрдың алғашқы шымылдығы түрілген еді. 2018 жылдың сәуір айында «Астана Опера» ультра заманауи декорациялар мен бірегей костюмдерді пайдалану арқылы жаңа музыкалық-сахналық редакцияны көрермен назарына ұсынды. Бұдан кейін астаналық театрдың қазақ операсын жүзеге асырудағы ізденістері табысты аяқталды деп нық сеніммен айтуға болады.

Осынау жаңартылған спектакльді Бурабай тұрғындары мен қонақтары тамашалай алды. «Ашық аспан астындағы залда» отырған әрбір көрерменге қойылым авторлары Асхат Маемиров, Абзал Мұхитдинов, Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов ұлттық сюжет негізіндегі жалпы адамзаттық мән-мағынаны жеткізе алды. Жұлдызды аспан, қылқан жапырақтардың хош иісі мен самал жел ерекше атмосфера жасады. Спектакльдің өн бойы табиғатпен керемет үйлесті. Туған өлкесінің сұлу табиғатын әнге қосқан Біржанның (Мейір Байнеш) сөздері туындыға асқақ реңк пен ғаламат ауқым берді.

«Астана Опера» вокалистері ашық аспан астында өнер көрсету бойынша мол тәжірибеге ие. Осы сынды жобаларды театр бірнеше жыл көлемінде жүзеге асырып келеді. Дегенмен, труппа барлық спектакльдерді Астана төрінде орындаған, сондықтан мизансценаларды дайындап, жаңа «жанды декорацияларға» бой үйрету үшін әртістер Бурабай өлкесіне ертерек жол тартты, ал сол маңдағы туристер дайындық барысына қызығушылық танытты.

Айрықша әсерге бөленген қауым елордалық әртістерді сахнадан жібермей, ыстық ықыластарын білдірді.  Ду қол шапалақтың дауысы орманның қалыпты тыныштығын бұзды. Ал, сыбдыр қаққан ағаш жапырақтары көрерменмен бірге қол соғып, қошемет білдіргендей әсерде болды. Керемет үндестік орын алды. Асқақ өнердің мерекесі ойдағыдай өтті.

 

 

tanymtimes.kz    Proudly powered by WordPress   

Comment here