Алашорда

«АЛАШ ОРДА» ТУЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

Түркия астанасы Анкара қаласында, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет қайраткері, публицист Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде атап өтетін 150 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың Әлиханы» атты халықаралық конференция өтті.

Түркі академиясы халықаралық ұйымы, Гази университеті, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы және Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қолдауымен ұйымдастырған айтулы жиынға Қазақстан мен Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркі әлемінің көрнекті шығыстанушы ғалымдары мен халықаралық ұйым жетекшілері қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатын Түркология зерттеу орталығының басшысы Хүлия Касапоғлұ, Гази университеті ректорының орынбасары Сервет Карабағы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз және Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі құттықтау сөздерімен ашты. Конференция аясында Қазақстан, Түркия, Қырғызстаннан келген ғалымдар жалпы 3 секция бойынша Әлихан Бөкейхан және Түркі әлеміне қатысты баяндамалар оқыды.

Алаш көсемі Әлиханның өмірі мен қайраткерлік қызметі турасында Әлихантанушы-ғалым – Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Жазушы Бейбіт Қойшыбай баяндама жасады. Конференция аясында, Сұлтан Хан Аққұлұлын сөзге тартып, көптен көңілде жүрген түйткілді сұрағымызды қойған едік:

–          Түрлі ақпарат құралдарда, «Алаш Орда» автономиясы, Алаш зиялылары туралы материал жарық көрсе, «Алаш Орданың» мемлекеттік байрағы ретінде шынайы тұрақталмаған, дәлелденбеген бірнеше тудың суреттері жарияланып жүр. Олардың ішінде, «Жасын Алаш автономиясы!» деп және Құраннан аят жазылған жасыл туды, сондай-ақ Түркия туына ұқсас алқызыл, алайда ай мен жұлдызы сары түске боялған туды кезіктіруге болады. Алаштанушы ғалым ретінде осы мәселеге қалай қарайсыз? Алаш Орданың туы шын мәнінде қайсысы?

 – Алаш автономиясының мемлекеттік туы туралы неше түрлі ақпар бар екені рас. Интернетте, басқа да БАҚ бетінде жарияланып жүрген бір туда «Алаш автономиясы жасасын!» деп жазылған. Ол тудың түсі жасыл. Бірақ, сол кездегі, 18-19 жылдардағы ақпарат құралдарының, «Сибирская жизнь» газетінің хабарына қарасақ, Семейде Алаш полкінің тұсау кесерінде, Әлиханды әскер қолбасыларының қарсы алғанын жазады. Онда, қазақ әскерлерінің туы ақ түсті екенін, «Алла жар болсын!», «Алаш автономиясы жасасын!», «Құрылтай жиналысы жасасын!» деген сияқты сөздер жазылғаны туралы дерек бар.

Бұл тудың бүгінге дейін сақталған сақталмағанын білмеймін, бар болса да, қазірге дейін ту қолымызға түспеді. Ол туымыз РФ-ның мемлекет қамқорлығындағы мұрағаттарында, жәдігерлер сақталатын қорда бар болуы әбден мүмкін. Ол қорда Кенесарының бас сүйегінен бастап, Кенесары әскерінің тулары, қарулары, оның ішінде Кенесарының қанжары, өзі ұстаған «Құран Кәрім» кітабы, т.б еш жерде жоқ жәдігерлер бар. Олардың ішінде «Алаш Автономиясына» қатысты тудан басқа да бізге белгісіз жәдігерлердің болуы әбден мүмкін.


Ал, «Алаш Орда» туы делініп жүрген ай-жұлдызды қызыл байраққа келсек, байқасаңыз, кез-келген тарихи оқиғалардың, мәліметтердің жанында шын-өтірігі аралс мәлімет, деректер болады. Алаш Орданың туы Түркияның туына ұқсас дегенге мен ешқашан сенбеймін, басқаларды сендіре алмаймын. Қазақтардың ол кезде түсі қызыл туды қолдану тіпті де мүмкін емес. Орыс басылымына сенсек, Алаш туы ақ болуға тиіс еді. Дегенмен, ақ туда айдың суреті болуы да мүмкін. Қазақта, «Айың оңыңнан тусын!» дейтін ақ тілек бар. Сондай-ақ, ай – Ислам дінінің бір символы. Ондағы жазу төте жазумен жазылған болуы мүмкін.

Тудың жасыл болуы да мүмкін емес. Неге десеңіз, Әлихан дін ме мемлекеттік саясатты араластырмай, бөліп алған. Зайырлықты ұстанған. XX ғасырдың басында қайта жаңғырған қазақ мемлекеті, бұл – зайырлы мемлекет болатын. Сондықтан да, Алаш автономиясының туы ешқашан да жасыл болуы мүмкін емес еді. Қошмұхамет Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихы» атты очеркі бар. Онда Әлихан туралы былай деп жазады: «Әлиханның қазаққа істеген қызметі, біріншіден, патшалық Ресей тұсында, қуғын-сүргін жылдарда қазақ үшін өмірін сарп еткен ат төбеліндей ғана азаматтар болды. Сол топты баулыған Әлихан. Әлихан өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Сөйтіп, татардан аяғын аулақ басқан қазақ мемлекеті пайда болды». Бұл жерде, Әлихан дінді жеккөргендіктен, дінсіздіктен мемлекеттік билік ісінен бөлген жоқ. Әлиханның айтатыны бар: «Еуропа халықтарының, оның ішінде француздардың, орыстардың тарихы көрсетіп отыр. Егер, дін мемлекеттің жетегінде кететін болса немесе тізгініне жармасатын болса халықтың рухани дүниесі аяқасты болады. Ондай кезде, дін қайраткері мемлекеттің жетегінде мемлекеттің мүддесін қорғап кетеді». Әлиханның, дінді мемлекеттік биліктен бөлгендегі ойы – дін гүлденсін, бірақ мемлекетке тәуелді болмасын! Бұны, халықтың рухани байлығы деп қарастырған. 

***

«Алаш Орда» туының интернетте жүрген бұл нұсқалар емес екенін Алаштанушы Тұрсын Жұртбай да растады. Тұрсын Құдакелдіұлы Зәки Уәлиди Тоған естеліктерінде де бұл туларда бар белгінің жоқ екенін айтады. Жазарман қауымнан алдағы уақытта «Алаш» туы делінген жалған туларды таратпауларын өтінеміз. Әлихан бабамыздың мерейтойы құтты болсын! Алаш идеясы жасасын! Алаштың күні сөнбесін!

Нұрғали НҰРТАЙ

Анкара қаласынан, Түркия

Comment here