Жаңалықтар

Ұлт руханиятының алтын бұлағы

XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі алмағайып заманда қара басының қамы емес қара қазақтың қайғысы үшін жанталасқан егей тұлғалардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Мынау қыры мен сыры белгісіз бес күндік жалған дүниеде бойындағы тәңір сыйлаған күш-қуаты, ақыл-парасатының нәтижесінде ұлт болашағы, ұрпақ қамы үшін өлшеусіз еңбек жасау кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Ұлт мақтанышының артына қалдырған ұшан-теңіз еңбегі халық жүрегінде сақталары хақ.
«Ғалымның хаты өлмейді. Жақсының аты өлмейді» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Қара ормандай қара қазақтың суығына тоңып, ыстығына күйе білген аяулы перезентін асыл жұрты қашан да ардақтай біледі. Әйгілі ақынның артына қалдырған мұраларын жинақтау, құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай қорғап, ұрпақтан- ұрпаққа жалғастырып отырған ұйым – Астанадағы Сәкен Cейфуллин музейі. Музейдің директоры, қазақтың айтулы ақыны Несіпбек Айтұлының басшылығымен Сәкен шығырмашылығына назар аударған оқырман қауымды ерекше қуантарлық жаңалыққа толы зерттеулер жан-жақтылы жүргізілуде.
Сәкен Сейфуллин бейнесі әлі күнге дейін халық жүрегінде сақтаулы. Шығырмашылығы заман көшіне ілесіп елдің есінде, жұрттың жүрегінде қалу – кез келген қаламгердің асқақ арманы болса керек. Сәкен бейнесін отты жырмен тізбектеп, өлеңнен өрнек салған ақындар шоғыры осы уақытқа дейін жалғасып келеді. Сәкенге арналған өлең-жырлардан іріктеліп құрастырылған «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Сұңқар Сәкен» кітабы жұртшылық назарына ұсынылып, оқырмандардың алғысына бөленді.
Музей басшысының жүйелі бағыты мен ғылыми қызметкерлердің еңбегінің нәтижесінде Сәкен шығармасы мен өмірін зерттеу өз арнасын тауып, жоспарлы түрде жұмыс жасалып келеді. Мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин туралы «Сырсандық» сериясы аясында қатарынан үш жыл бойы жарық көрген үш кітап оқармандармен жүздесіп үлгерді. «Сырсандық» сериясының алғашқы кітабында Қазақ әдебиетінің қара нарлары Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірпов, Ғабиден Мұстафин бастаған замандастарының естен кетпес естеліктері мен кейінгі ұрпақтың ақын жөнінде жазылған мақалалары, сыр-сұхбаттары енгізіліп, оқырман қауымға жол тартқан.
Пейілі кең, мінезі дарқан қазақ халқының таланытты қаламгері туралы терең зерттеліп, көп жазылды. Өз замандастарынан бастап бүгінгі қалам ұстаған зиялылар шоғыры да Сәкен шығармашылығына тереңнен үңіліп, әділ бағасын берді. Қуатты қаламгерді зерделей зерттеген, қазандай қайнаған сол шоғырдың ішіндегі шоқтығы биік ғұлама ғалым, сәкентанушыТұрсынбек Кәкішев еді. Сол үшін де «Сырсандықтың» екінші кітабы көрнекті ғалым, сыншы, әйгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішевке арналған. Өзінің бар ғұмырын сәкентануға арнаған парасат иесі туралы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, шәкірттері және тілеулес жандардың жүрекжарды естеліктері топтастырылып, оқырман назарына ұсынылды.
«Сәкен Сейфуллин шығармалары өзінің идеялық – көркемдік құнын еш уақытта жоғалтпақ емес. Одан дүйім оқушы рухани азық алады, қаламгерлер не туралы, қалай жазу керек екендігін үйренеді. Міне, Сәкен Сейфуллин творчествосы сол үшін де баршамызға қымбат»,- деп Ғафур Ғұлам айтқандай ұлы тұлғаның өнегеге толы өмірін, әсіресе, шығармашылығын жан-жақты зерттеу еш толастаған емес. «Сырсандық» сериясының үшінші кітабы қуатты қаламгердің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романына арналды. Ұжымдық монографияда «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1927 жылғы түпнұсқамен 1936, 1960, 1977, 1988, 2004, 2009 және 2012 жарық көрген басылымдарын салыстырып, текстологиялық талдау жасалды.
Әйгілі жазушының мемуарлық романы осы уақытқа дейін көп зерттелді. Текстологиялық талдау мемуарлық романға тұңғыш жасалынып отыр. Бұған дейінгі сан қырлы зерттеуден өзгешелігі де, ерекшелігі де осы. Романның әр жылдардағы басылымдарын өзара салыстыру зерттеу барысында кездескен стильдік, тілдік ерекшеліктері және сюжеттік желілерінің әртүрлілігі зерделі оқырманды ойландырмай қоймайды. Мәселен, «Әупілдек» бөлімі: «осыны Ғалымжан көпке шейін аузынан тастамай жүрді. Сүйтіп, Ғалымжан әлгідей деп жатқанда менің есімнен «Әупілдек» өлеңі кетпей жатты….» деген тұтастай ек беттік жолдар түп нұсқада және 1977, 2004, 2009 жылғы нұсқаларда жоқ. Керісінше, басқа жылдарда шыққан нұсқаларда толықтай берілген. «Дауыл алдында» бөлімінің: «Соқпақпен ауылға қарай келеміз. (34-бет) Қатарына келгенде, жылқыдан бізге қарай бір-екі жылқышы шықты…» деген сөйлемдер 2004 жылы жарық көрген кітапта ғана жоқ. Басқа жылдардағы нұсқалардың барлығында бар.
Қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі Мұхтар Әуезов: «Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы» деген пайымды пікір білдірген болатын. Қиын күннің қыспағынан жол тауып сол заманды қаз-қалпында суреттеу қаламгер үшін оңайға түспесі анық. Көркем туындыдағы кейбір сөздер мүлдем алмасып кеткен. «Бірақ, болыс қалам қолында болған соң, қасқырдай дүрдиіп, бұрыннан ықтап қалған елді, беттескенде әлі де қорқытатын түрі бар екен.»(46-бет) деген жолдардағы түпнұсқадағы «Қалам» сөзі кейінгі нұсқаларда «халық» болып өзгерген. Сөздердің ғана орны алмасып, тұтастай сөйлемге әсер етпегендей көрінгенмен, сөйлемнің түпкі мағынасы бүкілдей өзгеріп кеткендігін байқауға болады.
Аталмыш туындыда жоғардағыдай өзгеріске ұшыраған сөйлемдер өте көп. Алғашқы нұсқадағы: «Үйткенімен де қалаға таяу елдедің көбі онша желіккен көрінбейді» (58-бет) деген сөйлемдегі «желіккен» сөзі кейінгі нұсқаларда «көтерілген» деп өзгеріске ұшыраған. Түпнұсқада және 1936 жылғы жарық көрген басылымда: «Орыс келсе, көздерін шаң қаптыр…»,- (41-бет) деп берілсе, қалған нұсқаларда «Орыс патшасының әскері келсе көздерін шаң қаптар»,- деп өзгеріске ұшыраған жолдарды көреміз.
Қабырғалы қаламгер өзінің романы туралы: «Мұнда, талай кісілердің аттары аталды. Тарихи қозғалыстың көрген, білген оқиғаларын жазған соң, әрине, кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде, әртүрлі пікір, әртүрлі әрекет болған. Ол тіршіліктің, тарихтың ісі.» деген пайымды пікірін білдіреді. Ия, көркем туындының әр жерінен елімізге белгілі тарихи тұлғалардың есімдерін кездестіреміз. Түпнұсқадағы «Революцияның алғашқы жылдары» бөлімінде: « «Патша түсті» деген хабар келгенде қазақ оқығандарының арасында, әсіресе, оқыған жастардың арасында…» деген сөйлемдер кейінгі 1936, 1960, 1977, 1988 жылдарда шыққан нұсқаларда: ««Патша түсті» деген хабар келгенде, қазақ арасында Нұрмағамбет болмаса, әсіресе, оқыған еңбекші жастардың арасында…»,- деп өзгеріске ұшыраған жолдарды көреміз. Жоғарыда көрсетілген даталарға қарап, романның кеңестік кезеңнің әр жылдарында шыққанын ескерсек, ел жақсыларын көзіне шыққан сүйелдей көретін тоталитарлық жүйенің әсері және қысымы екені даусыз. өзгеріске ұшыраған аталмыш жолдар тәуелсіздік жылдарда шыққан нұсқаларда қайтадан өз арнасына түскен.
Сондай-ақ Сәкеннің көзінің тірісінде жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1927 жылғы түпнұсқасында кездесетін «Совет үшін күресте» бөлімшесінде: «Әлихан Томскідегі Сібір сьезінен қайтып, баяндама оқуға Семейге барған еді. Семей халқы Әлиханды қалай қарсылап алғаны туралы…» деп, Әлихан Бөкейхановтың Семейге барғанда, ондағы қалың қазақтың қалай қарсы алғаны туралы суреттеген жолдары түпнұсқадан басқа 2004 және 2009 жылғы басылымда ғана бар. Ал,1936, 1960, 1977, 1988 және 2012 жылғы нұсқаларда мүлдем кездеспейді. Бұл – туындыдан келтірілген бірнеше ғана мысалдар. Жалпы туындыға жасалған салыстырмалы-текстологиялық талдау аталмыш шығарманың көп өзгеріске ұшырағанын дәлелдейді. Сәкеннің аталмыш романы өзінің тағдыры секілді небір бұралаң жолдарды басып өткенін аңғару қиын емес.
«Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романына текстологиялық талдау жалпы екі кітаптан тұрады. Жоғарыда мысал келтіріп, көкейге түйгенімізді тарқатуға себепші болған «Сырсандық» сериясының үшінші кітабы. «Сырсандық» сериясы бойынша төртінші кітап алдағы уақытта оқырмандармен жүздесетін болады. «Осыншама үлкен қадір-қасиет пен атақ-даңқты өмір өткелдерінде аударып төңкеріп алмай өтуіне Сәкеннің кісілік сипаттары, әсіресе өтірік айта білмеуі, кіршіксіз адалдығы, қандай күйге түссе де өкінбейтін табандылығы, бір сөзбен айтқанда, кімді болса да сүйсіндіретін арлы азаматтығы себепші болды» дейді сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев. Туған халқының нұрлы болашағы үшін жанталасып, сондай ізгі мақсаттың жолында өзін құрбан еткен Сәкен Сейфуллинді біз бұрынғыдан да терең тануымыз және зерттеуіміз керек. Ардақты тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жолындағы ізденістердің әділ бағасын таразы уақыт және сіздер бересіздер құрметті оқырман.
Алаш ТҰРСЫНӘЛІ

Comment here